Тектің жадында
Бұл құрбандық тасы «Арқалан» паркінде қолдан жасалған бұлақтың жанында орнатылған және ол Жетісудағы Жоңғар Алатауы, Қалақай шатқалындағы жартастың дәл көшірмесі болып табылады.
Ойықтары бар бұл жартас Биен өзенінің оң жағалауында, сақ және түрік дәуірінің қорымдарының оңтүстік-шығыс жағындағы төбенің шыңына жақын бөлігінде орналасқан.
Төбенің етегінде, өзенге түсетін мал сүрлеуінің дәл үстінде, тастардан үйілген мола шоғырларын – қазақ зиратын көруге болады.
Жергілікті шопандар айтқан аңыз бойынша, 1929–1930 жылдары осы маңда күштеп ұжымдастырудан Қытайға қашпақ болған бір қазақ ауылы түгелімен атылған. Қаза тапқандарды ата-баба қорымдарына жерлеуге тыйым салынып, адамдарға тек мүрделерді жабайы аңдар шашып кетпес үшін тастармен жауып қоюға ғана рұқсат етілген.
Бұл қайғылы оқиға бір ғасыр бойы жасырын түрде ауыздан ауызға беріліп, бірнеше нұсқада бүгінгі күнге дейін жеткен.
Айтуларынша, Биен өзені жағасында болған бұл қасіретті оқиғаны білетіндер құрбандық тасының үстіне шелпек қойған – марқұмдарға арнап, сонымен бірге арғы бабалар – сақтар мен түріктерге де құрбандық шалған.